Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейінің бағдаршысы

                                                     Музей тарихы

Ақтоғай археологиялық-этнографиялық музейі Қазақ ССР-і Министрлер Кабинетінің 7 маусым 1991 жылғы №91-р жарлығы бойынша өз алдына жеке ғылыми негіздегі музей болып құрылды. Бұрын, яғни 1986 жылдан Жезқазған облыстық өлкетану музейінің филиалы болып келген. Бұл, Республикадағы 47 аудандық музейлердің ішіндегі бірден-бір жалғыз археологиялық-этнографиялық музей. Республика бойынша археологиялық 6 музейдің бірі.

        Археологиялық-этнографиялық музейі болып құрылуы себебі Ақтоғай ауданы көлемінде археологиялық тарихи, мәдени ескерткіштердің молдығы. Бұрынғы Одақтық дәрежеде болып келген 48 және Республикалық дәрежеде болып келген 206 ең маңызды тарихи ескерткіштердің бірі Орталық Қазақстандағы 4000 (төрт мың) жыл бұрын қола дәуірінде пайда болған Бегазы-Дәндібай мәдениеті-осы жердің төл мәдениеті. Бұл жөнінде 1947-49, 52 жылдары Орталық Қазақстан ғылыми экспедициясы академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның басқаруымен зерттелген болатын. Осы жөнінде академик Ә.Х.Марғұланның  «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» (Древняя культура Центрального Казахстана) және «Бегазы-Дандыбаевская культура Центрального Казахстана» атты еңбектері шыққан болатын. Осымен қатар Ә.Х.Марғұлан аудан территориясын аралап б.з.б 2 мың жылдықпен орта ғасыр аралығындағы өмір сүрген жергілікті халықтың ежелгі рухани өмірін көрсететін бірден-бір көне құнды мәдени ескерткіштер-таңбалы тастардың, мүсін тастардың, мұртты обалардың молдығына қайран қалған.

        Музей 1991 жылдан бастап археология, этнография бөлімдері бойынша жұмыс жасап, ал 1997 жылдан бері өлкетану бөлімі қосылып, осы үш бағыт бойынша қызмет көрсетіп келеді.

  • Археология залының тарихы

Музейдің археология залында музейдің бет-бейнесін көрсететін «Бегазы» жөнінде кең көлемді экспозиция құрылған. Ол музейдің айнасы іспеттес шын мәнісінде Қазақстан Стонхендисі атанып ЮНЕСКО-ның бүкіл әлемге маңызды ескерткіштер атағын алу номинациясына енгізілген Бегазы фенонені бейнесін көрсетеді.

        Бегазы қорымында 47 құрылыс бар. Оның ішіндегі Бегазы мавзолейлері соңғы қола дәуіріндегі мола басына салынған құрылыстардың ішіндегі ең ірісі болып келеді. Ұзын дәліз бен салмағы бірнеше тоннаға жететін тас плиталардан құрастырылып жабылған таңғажайып қабірлері бар тас ғибдатханалардың пайда болуы бұл жерде өз дәуірінде аса сыйлы адамның-қоғам көсемінің жерленгені туралы сыр шертеді. А.Х. Марғұлан мен оның жолын қуған басқа да ғалымдардың еңбегінен ол кезеңде тайпа көсемдігінің қалыптасып алғашқы топтық құрылымның пайда болуы мен түркі мемлекеттігінің құрыла бастағаны туралы сенімді деректер аламыз. Сонымен қоса бұл жерде көшпенділердің көне ата-бабалары-сақтар тұрып, өмір сүрген. Экспозициялар мен онда жинақталған экспонаттарды көріп, олардың алғашқыдағы өмір-салтын, тұрмысы мен мәдениетін көз алдыңа елестету қиын емес. Сондықтан да Ақтоғай өңірінің тарихы ең көне дәуірдегі адамзат тарихымен жасты. Ол дәуір бейнесін халық аңыз-ертегілері мен алғашқы қауымдық қоғам тарихы мен антропология, археология және этнография ғылымдарының қабылдаған тұжырымдарынан көреміз. Ақтоғай өңірі-адамзаттың даму тарихының бірегей ошағы болып саналатын Бегазы-Дәндібай мәдениетінің бастауы болған жер. Бұл жерде Сарыарқа мен жалпы қазақтың ұсақ шоғырларының ең биік нүктесі Ақсораң шыңы қол созым жерде тұр. Бегазы мен Қызыларай таулары үнсіз мүлгиді. Таңғажайып тарих та, ата-бабалар рухы да осы таулардың қойнауына мызғымастай бұйығып-шөккен. Қаншама замандар өтсін, қандай құрылымдағы қоғам өз билігін жүргізсін мейлі, бұл өлке адамзат баласы басынан өткен ата жолдың құйқалы-қордалы бір бел-белесін айдай әлемге паш етумен қадірлі болып тұрады.

        Бәлкім, Бегазы мен Қызыларай таулары бірнеше мыңжылдықтар үдесінде уақыт сынына төтеп бере алмай, мүжіліп, бәз-баяғы айбынынан аз-кемдеп айырылған да болар. Бәлкім, Арқаның ай көрікті өзені Тоқырауынға мың бұралып барып құятын Бегазы бұлақ-бастауы қазірде Қаратал атанып, суы ортайып құрдымға таяу хал-күйді бастан кешуде де шығар. Бәлкім Бегазы мен Қызыларай тауларының бауырындағы қайталанбас табиғат  көріктері сұйылып, қайыңды әсем орманы ортайып, жері, жайлауы тозған да болар. Бәрі мүмкін. Алайда, мүмкін емес бір ғана нәрсе бар. Ол-Бегазы мен Қызыларай таулары 3500-4000 жылдан аса жан баласына сырын шашпасқа бекініп, тас түйін тылсымын бүгіп келген аты шулы «Бегазы мәдениетінің» ендігі адамзат тіршілік кешуінде ешқашан тарих парағынан түспейтіндігі, мәңгілікке жоғалмайтындығы.

       Бегазы мәдениеті саласындағы ең басты академиялық еңбек Ә.Х.Марғұланның «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» атты белгілі ғалымдармен бірлесе отырып жазған еңбегі. Бұл еңбек көпшілікке Ақтоғай өңірі тарихынан, Қазақстан тарихынан мағлұмат береді.   Бұл ғылыми ортада белгілі ақиқат. Сонымен бірге Ә.Х.Марғұланның белгілі еңбегі «Ежелгі жыр, аңыздар» атты кітабында осы өңірдегі жер, су аттарын ескі тайпа атауларымен ұштастырып бір қыдыру бағыт сілтейді. Бұдан қорытатынымыз VI-IX ғ.ғ. өңірімізде оғыз мемлекетінің Үш оқ елінен тараған бір тайпаның аты-Жәмші. Ол Балқаш көліне қарай Арқа жағынан ағатын бір өзеннің аты. Ол жерде қазір Жәмші кең шары бар делінген. Сондай-ақ Қарлұқтар мекендегені, қырғыздардың үлкен ата мекені болған да осы өңір. Мәселен Бегазы тауы өңірі Манас батырдың жаз жайлауы болғаны, Манас ердің Ақ-құла атының күндіз жайылатын жері Бегазы тауының бөктері, түнге қарай Ақ-құла таудың басына шығып Тас ақырдан шөп жеп тұрады-мыс деген сөз ел аузындағы аңыздарда да бар. Ақтоғай ауданы орталығынан  Солтүстік Шығысқа қарай 45 шақырым Бегазы өзені жағасындағы жерде бақилық тұрағын тапқан қадымдағы кешендер тобы жергілікті халық арасында бертінге дейін «Қалмақ там» деп аталып келген еді. Рас, сонадайдан көзге шалынып, ожырая қалқиып-қалқиып тұрған тас мола-қоршаулар көшпенділер ұрпағының көзіне суық елестеп, қалмақ-жоңғар шапқыншылығы кезеңінің куәсіндей әсер беретін. Көне жәдігерлікке салқын қарап, арғы-бергіде көз қарашығындай сақтамай келудің  бір себебі осында жатса керек. Алайда бұл тас кешендер қола дәуірінің аяққы  тұсында өмір сүрген тайпа көсемдері, тайпа бір туарлары, ақылмандары мен қолбасшылары, игі жақсыларының о дүниеге аттанған тәні тыныс тапқан қорымдар болатын.  Кейінде қорымдарды, мавзолейді, ескерткіш белгілер мен зираттық кешендерді зерттеп, мұқият оқып-тоқудың нәтижесінде ғана жұмбақ тастардың сыры ашылды. Міне, музейдің археологиялық бөлімінде осы Бегазы кешенінен мағлұматтар беретін құнды жәдігерлер жинақталып орналастырылған. Ақтоғай жеріндегі көне ескерткіштер ретінде белгілері бар Тас ғасырында адамдар пайдаланған тастан жасалған құралдардың түрлері, Қола дәуіріне тән Бегазы кешеніндегі мавзолейлер, одан табылған қыш құмыралар, найзаның сүңгісі мен жебенің ұштары, Желтаудағы, Қошқар, Қарашоқы, Ақшоқы, Құлшы тауларындағы таңбалы тастар, Қанаттас пен Былқылдақтағы сынтастар.Сақ дәуірінің Тоқырауын өзені жағасындағы, Қараменде би айрығындағы, Қара оба, Қосшоқы, Айдай таулары аңғарларындағы  қорған обалары мен Көрпетай тауындағы әйгілі 37 батыр кешені мен мұртты обалар, Әулие тауындағы алғашқы адамдардың мекен еткен үңгірі, Ә.Бөкейновтың Желтаудағы Жекежал қыстағы, Түркі дәуірінің Сатай, Жыланды Мыңбұлақ, Қызылтас, Сона, Кеңасу, Ақсайдағы мүсін тастары мен Көктас Молақ, Сұлушоқы, Нұртай тауларындағы Әмірсана даласындағы балбал тастары, Дешті Қыпшақ дәуіріне тән Жіңішке өзенінің жағасындағы Қызылшоқыдағы Қыпшақ ғибадатханасы сондай-ақ аса тарихи дерек Ұлы Жібек жолының кіші теріскей тармағының Балқаш көлінің Дересіннен жоғарғы қылта жерінен кесіп өтіп Тоқырауын өзенін бойлап Солтүстікке бағыт алып жүргендігін айғақтайтын  тарихи деректер туралы жасалған көрме де экспозициялық тұрғыда құрылған. Бегазы, Бектауата, Тасарал қорымдарына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының түрлі-түсті суреттерінен, Қызыларай, Ақсораң тауларының әсем де таңғажайып көріністерінен жасалған көрме де көз тартарлық. Ал Сарыарқаны мекендеп өсетін жабайы аңдар мен құстардың және дәрілік өсімдіктердің қатырмаларынан жасалған «Аң мен құстар әлемі» атты диорамалық экспозиция табиғат байлығынан сыр шертеді.

          Бұл диорамадағы аңдар мен құстар (Қасқыр, Қабан, Барыс, Түлкі, Қарсақ, Қоян, Суыр, Борсық, Ақ бөкен, Елік, Қаршыға, Ителгі, Қыран, Бүркіт т.б.) табиғат тағыларының жыртқыштық пен жуастық мінез-құлықтарына сай композициялық желіге бағындырылған.

          Музейдің негізгі көркі саналатын Балқаш көлінің қамысынан ауланған Тұран типтес соңғы жолбарыстың макеті қойылған. 

«Тас таңбада телегей теңіз тарих бар», деген тақырыпта осы өңірдегі Қола дәуіріне тән таңбалы тастардың мекендері, ал «Бағзы заманның бағдарлы мұралары» атты көрмеде Түркі дәуірінен жеткен мүсін тастардың қойылған жерлері Ресейлік археолог ғалым Л.Ермоленконың зерттеуі негізінде деректі суреттермен берілген.

«Бегазы-өркениет пен мәдениеттің ошағы» деген диорамалық экспозицияда Бегазыдағы бір мавзолейдің макеті мен ондағы салмағы 3 тоннаға дейін тартатын алып тас қабірдің сүлбесі құрастырылып осы қорымнан табылған қыш құмыралар, жебелер мен сүңгілер, мал сүйектерінен, тастардан жасалған құралдар қойылған. Бегазы кешені туралы академик Ә.Марғұлан мен археолог ғалым А.Бейсеновтың зерттеу еңбектеріне сүйеніп танымдық ақпараттық кітапша шығарылған. Сондай-ақ осы залдағы Ақтоғай өңірінің археологиялық картасы да көрерменге сілтеме жасайтын анықтамалықтың қызметін атқарып тұр.,

                    1.2 Өлкетану бөлімінің  тарихы

Осы залға кіріп келгенде қарсы алдыңда тұрған Тәуелсіздік күрескерлері, Алаш қозғалысының жетекшілері туралы «Алаштың арқадағы үш арысы» деген көрме қазақ тарихының бір тарауынан тамшыдай болса да тағылым берерлік құралға айналған;

Алихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов -Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, қазіргі Шабанбай би ауылында /бұрынғы Қаратал кеңшарында/ дүниеге келген. Қарқаралыға алып барып, жергілікті молданың қолынан оқуды қанағат тұтпай, қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады. Оны бітіргеннен кейін 1879-1886 ж. Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепте оқыды. 1886-1890 ж. Омбының техникалық училищесінде оқып, оны «техник» мамандығы бойынша үздік бітіріп, 1890-94 ж. Санк-Петербургтің Императорлық орман институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. 1894 жылы Омбы қаласына қайтып оралады. 1896 жылдан бастап ғылыми жұмыстармен шұғылданады. I Мемлекеттік Думанның депутаты, «Ресейдің мұсылман халықтары», «Жер және қала іскерлері» съездерінің делегаты, IV Мемлекеттік думанның мұсылман фракциясының мүшесі, орыстың Императорлық географиялық қоғамының Батыс Сібір бөлімі басқару комитетінің мүшесі. 1917 жылы Ұлттық-демократиялық «Алаш» партиясының ұйымдастырушысы, көсемі, Қазақстанның тұңғыш Алашорда үкіметінің төрағасы, аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері. Әлемге танымал, қазақтың мұңын жоқтаған, тәуелсіз болуын аңсаған сол үшін құрбан болған ұлы тұлға, ғасыр саңлағы.

1922 жылы Тоқырауын бойында тұтқындалып, Мәскеуге жер аударылды. Бутыр түрмесіне жабылған. Мәскеуде өлім жазасына кесілсін деген үкім шығарады. 1937 жылы 27 қыркүйегінде жүзеге асырылды.

Жақып мырза Ақбаев -Есімі алты алашқа мәшһүр болған 1876 жылы 7 қарашада Берікқара болысында Төңіректас деген жерде (Қараменде би

                     ауылдық округі)  Ақбай қыстағында дүниеге келген. Ж.Ақбаев қазақтан

  шыққан тұңғыш құқық магистрі. Әлемдегі халықтар мен мемлекеттер    

 тарихы мен тағдырын жете білетін, өз ұлтының жағдайы жөнінен көп толғанатын ғұлама. Қазақстанда ұлт азаттық қозғалысқа қатысушы, қоғам қайраткері, Алашорда үкіметінің мүшесі әрі оның бас прокуроры қызметін атқарған. Алаш автономиясының құқықтық негіздері, Алашорда үкіметінің құрылымы, Алаш партиясының бағдарламасын   жасаудағы Жақып Ақбаевтың үлесі өз алдына бір төбе.

Алаштың біртуар азаматы Сталиндік саясаттың зорлық-зомбылығы мен қуғын-сүргінінен айықпас дертке шалдығып, 1934 жылдың 4 шілдесінде Алматы қаласында дүние салды. Жақып Ақбайдың туған жері Берікқарадағы Ақтас ауылында орта мектеп, Ақтоғай селосында көше 1992 жылдан Жақаңның есімімен аталады. Туған жеріне ескерткіш тақта, аты берілген мектеп алаңына ескерткіш бюстісі орнатылды.

Әлімхан Әбеуұлы Ермеков-1891 жылы Темірші болысында, (Қызыларай ауылдық округі) «Бөріктас» деген жерде дүниеге келген. Белгілі қоғам қайраткері, «Алаш» партиясы мен Алашорда қозғалысы жетекшілерінің бірі. Азамат соғысынан кейін қазақ революциялық комитетінің мүшесі, қазақ жерлерін Қазақ АССР-ының шеңберінде тұтас дерлік топтастыруда ерекше еңбек сіңірген, көптеген жауапты қызметтер атқарған. Қазақ зиялыларының қатарынан тұңғыш рет математика саласынан профессор атағына (1935 жылы) ие болған. Жалпы Ермековтер білім қонып, ғылымның қара шаңырағы атанған әулет. Әлімханның немере інісі – Мүсілім Әмірханұлы Ермеков ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ Республикасы Ғылым Академиясының мүше-корреспонденті, мемлекет қайраткері, бірегей ғалым болған. Ұлы – Төлеген Мүсілімұлы Ермеков, келіні Раиса Кәрімқызы Ермекова – екеуі де ғылым докторлары.Ә.Ермеков 1970 жылы дүниеден қайтты. 1992 жылы Әлекеңнің туғанына 100 жыл толу құрметіне ас беріліп, туған жері Ақтоғайда аталып өтілді. Қазір Ә.Ермеков атында орта мектеп, аудан орталығында көше сол кісінің есімімен аталады. Туған жеріне ескерткіш тақта қойылып, аты берілген мектеп алаңына ескерткіш бюстісі орнатылды.

                      

 Осыған қарама-қарсы орналастырылған Ақтоғайлық Ауған соғысының жауынгерлері мен Қазақтың желтоқсанына қатысқан жерлес жастар туралы көрме де патриоттық рухты насихаттап тұр.

Кеңес Одағының батырлары Ақтоғайдан шыққан қос батыр Нүркен Әбдіров пен Қазбек Нұржанов туралы төрімізде орналасқан тақырыптық экспозиция сақталған.

Ал Ұлы Отан соғысының майдангерлері Сүйіндік Дүйсенбаев пен Ахметолла Жүнісовтардың, Сибақов Тұрыснбектің, Сүйменбаев Шәкіжан,           қос омырауы тізіліп тағылған орден медальдарға толы киген костюмдерінің тұғырға қойылуы бүгінгі соғыс ардагерлері үшін қошемет пен құрмет іспетті.

«Кеңестік кезеңнен қалған мұра» деген экспозицияда Қазақ АССР-ының туынан бастап комсомол, пионер тулары мен  озаттар жалаушалар, қызыл галстук пен шақыру ленталары ауданға берілген КПСС-тің тулары мен диплом грамоталары өткен ғасырдағы социалистік жарыстардың жетістіктерін  көз алдына әкеледі.

Ал 1940-1970 жылдардағы колхоз совхоз құрылысының жекелеген  азаматтарына берілген үкімет марапаттауларының негізгі түп нұсқаларынан жасалған «Ел ардақтылары» деген көрмені тамашалап тұрып, ата-аналарының көзінің қарашығындай болған осы  құнды құжаттарын музейге  тапсырған ұрпақтарына дән риза боласыз.

«Ақтоғай ұлылықтың тұғыры» деген көрмеде осы өңірде ұрпақтары өмір сүріп жатқан киелі бабалар туралы деректер, бабалардың және ол кісілерге салынған мазарлардың суреттерімен безендіріліп айшықталған. Жекелеген тұлғалар мен ауданды (1928 жылдан бергі) аудандағы барлық  колхоз, совхоздармен барлық мекемелерді басқарғандар, ауданнан шыққан ғалымдар, алғашқы ұстаз, дәрігерлер, «Республикаға еңбегі сіңгендер», «Жоғарғы кеңестің депутатары», «Ауданның құрметті азаматары» жалпы аудан ғұмырнамасындағы «алғашқылар» туралы фото шежірелі тақталар да тарихтың әр парағындай  болып, зерделі  мағлұматтар беріп тұр.

Ауданда қызмет жасап, еңбек етіп елдің мақтанышына айналып,  құрметіне бөленген азаматтар туралы жеке-жеке папкаларға жинақталған өмір-дерек материалдары мен әр тақырыптарды қамтыған фото альбомдар келер ұрпақ үшін рухани қазына боларлық құндылықтар ретінде көрсетіліп тұр.

Ал «Қазақтың тамыры ауылда» деген экспозиция «ауыл кеше», «ауыл бүгін» деген тарауларға бөлініп, ауылдағы төрт түлік, ауылдағы егілген алтын дән мен өткен ғасырларда тоған суымен суарылып өсірілген «Ақтоғайдың әйгілі ақ бидайы» оған пайдаланған егіншілік құралдарының нұсқалары (байпақ соқадан бастап, мала тасқа дейінгі) деректермен таныстырылады.

«Өнердегі өнегелі өмір» атты экспозициядағы Тоқырауын өңірін даңққа бөлеген  Күләш (Гүлбаһрам) бұрынғы Тоқырауын болысының 2- ші ауылында қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында туған. Арғы атасы-Тобықты. Осы рудың атақты ел басшылары Дәулетбақты ұрпақтарынан әкесі  Жасын, ал Есенбақтыдан-шешесі Зибажан. Тобықты ұрпақтарынан қаншама белді билер мен батырлар, білімді де зиялы бабалар болғаны белгілі. Күләш Байсейітова текті тұқымнан. Күләштің әкесі өте ширақ адам болған. Сол кездегі ел жақсыларымен қатарлас, өнер иелері мен аралас жүрген. Жасынан сүйкімді қызын әкесі өте жақсы көріп Күләш деп еркелеткен. Баласының әншілік дарынын, өнерге деген талабын ерте сезінген. Жасын Күләшті Верныйға (Алматыға) апарған. Аумалы-төкпелі заман қиыншылығынан елге қайта орала алмаған. Күләшті оқыту үшін Верныйда туды деп жаздырған. Күләш өмірбаянындағы туған жері Верный деп аталу сыры осында.

Манарбек-, Мағауиядан бастап, Әсет, Нарманбет сынды талант тарландарының жолдары, олардың ізбасарларының жетістіктері туралы жазбалар мен бейне көріністер, жерлесіміз, әйгілі қыл-қалам шебері Сахи Романовтың майлы бояумен салған портреттері мен пейзаждары музейдегі мұраларды байытып тұр. Ал «Ұлы Даланың саз аспаптары» деген көрмедегі фольклорлық көне аспаптар Ақтоғайдың «Тоқырауын толқыны» фольклорлық ән-би ансамблінің бой тұмарындай болып дәріптеліп, сақталған.

Қуатбеков Айдостың қыл қобызы, әйгілі күйші Тілештің Әшірбегінің күй домбырасы мен Садуақасов Аманның жасаған ән домбырасы бұл өңірдің ұлттық саз аспаптарын тарта да, жасайда алатын дарындардың құтты мекені екендігін дәріптей түсуде.

        Ата-бабаларымыздан қалған ат әбзелдерінің түрлері сан алуан; Түсіпбеков Мүбаракшаның күмістелген ертоқымы, жүген, үзенгі, құйысқан. Алматы мирас шеберханасының жезбен әшкейленген ат әбзелдері; ер тоқым, құйысқан, өмілдірік, тартпа, балдақ,әр түрлі үзенгілер түрлері сақталған. Саятшылыққа шығатын аң аулау құралдары қасқыр қақпан, қоян қақпан, түлкі қақпан, арқар қақпан т.б.  Ұсталық құралдары: Төс, шапашот, балға, қысқыш,  балта т.б. Ысқақ пен Әбеудің қос көрігі, Жәмші ауылының ұстасы Бейсенбиннің үлкен көргі музейдің қор сақтаулы.

     

  • Этнография залының тарихы

     Музейдің этнографиялық бөлімінде Ақтоғай өңірінің ұлттық этникалық жетістіктерін, тұрмыс салты мен дәстүрін, ұсталық, тігіншілік шеберлігін, қол өнер, әншілік, күйшілік, ақындық дарындылығын дәріптеп олардың жасалу, айтылу, қолдану тарихынан сол құралдардың сақталған көне түрлерінің өзін көрсетіп таныстыру арқылы мағлұматтар беретін ақпараттық танымдық орталыққа бейімделіп жабдықталған. Онда Қазақтың ұсталық өнер шеберлігі мен қол өнер үлгілері ұлттық дәстүр мен салтты көрсететін тұрмыстық құралдар жинақталған. Олар туралы сипаттама түріндегі жазбаша анықтамалықтар құрастырылып, көрермендердің пайдалануларына ұсынылған.

        Этнография залындағы жартылай жарылып тігілген киіз үйдің ішіндегі «Бабалар ғұмыр кешкен киіз үй» деген экспозицияға ата-бабаларымыз ғасырлардан-ғасырларға асыл мұра ретінде дәріптеп ұстап пайдаланған ұлттық салт-дәстүрімізді сипаттайтын тұрмыстық үй жиһаздарының барлық түрлері үйлестіріліп, жасаудай болып жиналған.

        Көрермендердің көз алдынан «Көшпенді» делінген қазақ халқының дәулетіне сай сәулетті ғұмыр сүргендігін, талғампаз да талантты, тапқыр да шебер болғандығын әсірелеп жеткізетін ұлттық нақыштармен әрленген жәдігерлер тізбектеліп өтіп жатқанда құдды бір қазақи тіршіліктің ортасында тұрғандай сезінесің. Қазақтың қасиетті киіз үйінің сүйегін басушылар, өрмек тоқып, сырмақ сырушылар туралы және сол үй тұрмысына қажетті мүліктер мен жиһаздарды жасаудың әдістемеліктері жинақ болып құрастырылып, дайындалып көрермендер үшін танымдық құрал ретінде ұсынылған.

     Этнография залында  атақты Паң Нұрмағанбеттің әкесі Сағынайға берілген аста тіккізген киіз үйінің бір керегесінің Бұланбайұлы Шамғын ақсақалдың көзінің қарашығындай қадірлеп сақтауының арқасында бүгінгі күнге дейін жетіп, баласы Зарқанның тапсыруымен музейдің жәдігеріне айналуы құптарлық іс. Сүйіндік Үйсінбайдың шаңырағымен Паң Нұрмағанбеттің және Түсіпбеков Садықтың киіз үйлердің керегелерімен тігілген.

        Осы өңірге белгілі киіз үй басушы шебер, Қынашаұлы Күлмағанбеттің сол бір дәуірде талай-талай 6, 8 қанат киіз үйлердің шаңырағын, кереге, уығын иіп басқан Тезінің де музейде сақталуын ұрпақтар сабақтастығының бір үлгісі деп айтпасқа амал жоқ. Әйгілі күйші Дина Нұрпейісова сонау 50 жылдары ауыл-ауылды аралап концерт қойып жүргенде домбыра тартқанда төсеніш ретінде пайдаланатын кілемшесін қонақжайлығына риза болып ауылдық кеңес төрағасы Аюпов Балтабайдың жұбайы Әйменбетқызы Зейнежанға  сыйға қалдырып кетіпті.      Ал Ақторғай ұстаның қайыңның діңінен ойып жасаған келі-келсабы,  Мәжманның шапқан ертұрманы, Жәмила мен Күлшім тоқыған оюлы шым шилері мен Кеңестік дәуірдегі колхоз басқармасы, ауылдық кеңес төрағасы болған Алтын Сейтенованың оюлы түс киізі, кебеже Бекпенбеттің Досымбегінің келіні Ләззаттың зерлі кимешегі, аудандағы ең қарт ана Әсияның өз қолымен тіккен қасқыр ішігі, өрімшілер Мағрұпбек пен Мәдіханның қайыстан өріп жасаған ат әбзелдері, кезінде қол өнерімен елге танылған Жұмабекова Бибіжанның қызы Райхан ұзатылғанда арнап жасаған оюлы сырмағы мен Әйнекова Шәмшидің  өз қолымен басып сырған, оюлы сырмағы, Ахметова Қамаштың кестелеп өрнектеген оюлы түс киізі, Түскеев Құмардың ағаштан өрнектеліп жасалған асадалы, сондай-ақ ұстаз Бәкіров Сағындықтың сурет өнерімен тоқыған өрнекті шиі  мен ұлттық мұраны зерттеп қалпына келтіруші зейнеткер ұстаз Ғайнитден Әбдірахмановтың жаңғыртқан көне қол шеберлік аспаптарының үлгілері музей қорына рухани нәр беріп, түрлендіріп тұрғандығына ризашылық білдіру парыз. Ұзатылар қызға арнап сүйекпен зерлеп, күміспен аптап жасалған Айтжанов Серіктің анасының және Жүнісов Үсенбектің әкесінің оюлы ағаш төсегі мен тастан қашалып қиюластырылып жабылған Исин Сәйдінің  қолмен тартатын  тас диірмені де өткен күндердің тарихи тағдыры мен тауқыметін еске түсіруге   куәлік боларлық мүліктер. Ал ата-бабаларымыздың әуелден-ақ денсаулыққа тиімділігін ескеріп, ағаштан ойып, шауып, жонып жасаған ыдыстары; ет табақтар, қымыз тостағандар, егіз ұялы ожаулар, өрнекті ағаш құтылар да қазақилық ғұрыптың куәсіндей болып дәріптеліп сақталған.

      «Бабалар ғұмыр кешкен киіз үй» деген экспозицияға қазақ халқының  тұрмыс тіршілігін бейнелейтін ұлттық мұраларымыздың үй тұрмысындағы көне жиһаздарының үлгілері, қол өнер бұйымдары жинақталған. Киіз үйді басу, үй  мүліктерін жасау тәсілдері туралы әдістемелік құралдар құрастырылып қойылған. Өткен ғасырлардағы  ата-бабаларымыздың өмір сүру дәстүр-салтымен  таныстыратын жәдігерлер толықтай топтастырылған.

     Республикаға танымал атақты суретші Сахи Романовтың 45 тарта шығармалық туындылары  музейдің этнография залында орналасқан.

      Халқымыздың өмір-тіршілігінде ағаштан жасалатын бұйымдар өте кең таралған. Сонымен бірге, қазақтың тұрмыстық тұтынуындағы бүкіл аспаптың заты ағаш. Себебі, ертеде қазақтың баспанасы киіз үйінен бастап, қарапайым қасығына дейін ағаштан жасалып отырған. Неге десеңіз, ағаш бұйымдар ыңғайлы, пайдалануға тиімді, сонымен бірге ол тұрмыстық зат есебінде ғана емес, сән үшін де қолданылып, биік өнер дәрежесіне жеткізілген. Сонымен қатар Дөңгелек үстел, Асадал,Кебеже, Ағаш төсек, Сандық, Бесік, Ұршық, Домбыра, Қобыз, Ожау, Күбі, Келі мен келсап, және сол сияқты үй тұрмыстық бұйымдардың барлығы тек ағаштан жасалған, және темірден ұсталардың құйып әшекейлеп жасаған құрал-жабдықтары,күнделікті тіршілікте қолданатын заттары сақталған : Ошақ, Мосы, Көсеу

Онлайн кім

Қазір 195 қонақ және Бірде бір тіркелген қолданушы жоқ сайтта отыр